«Қылует» мәдени-рухани орталығы

Түркістан қаласы қайта түлеп, ежелгі қала Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде қарқынды дамып келеді. Қалада бой көтерген жаңа ғимараттар Түркістанның ажарына ажар қосып, оның мәдени-рухани өміріне жаңаша мазмұн, жаңаша серпін береді.

Сондай жаңа бастамалардың бірі – қаламыздың архитектуралық келбетіне ерекше сән беретін «Қылует» мәдени-рухани орталығы.

«Қылует» мәдени-рухани орталығы – өткеніміз бен болашағымызды жалғайтын жоба. Таңдап алынған тарихи орында заманауи мешіт пен медресе бой көтереді. Тарихи деуіміз тегін емес, мұнда XIX ғасырдан бері мешіт болған. Бұл мешіт түрлі кезеңдерде бірнеше рет бұзылып, бірнеше рет қайта соғылған.  2020 жылы мешіт апатты деп танылып, орнына негізгі ерекшеліктері мен құндылықтарын сақтай отырып заманауи стильдегі жаңа мешіт құрылысын бастау шешімі қабылданды. 

Жаңа мешіт ежелгі Түркістан мен қайта түлеген Түркістанның тоғысында пайда болған концепция негізінде жоспарланған. Ескінің орнын басатын жаңа мешіттің атауына «Қылует» сөзінің таңдалуы тегін емес. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз пайғамбар жасына жеткенде, жерасты мешітін салып, қалған өмірін сонда өткізген деседі. «Қылует» сөзі жалпы қазаққа осы аңыз арқылы таныс. Одан бөлек қазақ даласында өзге де жерасты мешіттері аз болмаған.

«Қылует» мәдени-рухани орталығында Түркі әлемінің мұрасын насихаттауға арналған қоғамдық лекциялар, Ислам мәдениетіне байланысты түрлі мастер-класстар мен арнайы курстар ұйымдастырылатын болады.

«Қылует» мәдени-рухани орталығының құрылысы жергілікті тұрғындардың және демеуші кәсіпкерлердің қаржылай қолдауымен жүргізілуде.

Сондай-ақ жобаға қаржылай қолдау білдіруге ниет еткен жандарға сауапты іске үлес қосуға мүмкіндік беру үшін «Хилует» қоғамдық қайырымдылық қоры құрылды.

Сіздерді ізгі бастамаға белсене үлес қосуға шақырамыз.